Емдеу ісі – орта медициналық білімі бар медицина қызметкері. Фельдшер мамандығы өте жауапты және маңызды, өйткені ол адам өмірін сақтап қалуы үшін жиі алғашқы жедел жәрдем көрсетуге мәжбүр болады. Фельдшердің жұмысы жемісті болу үшін оның медицинаға деген қызығушылығы, үнемі адамдарға көмек көрсетуге дайын болуы маңызды.
Қызмет саласы:
«Жедел жәрдем» бригадасының құрамында жұмыс істей отырып, науқастар мен зардап шеккендерге алғашқы дәрігерге дейінгі, жедел және шұғыл жәрдем көрсетеді, дәрігердің көмекшісі болып табылады және оның бақылауымен емдеу-профилактикалық мекемелерде жұмыс істейді, стационарлық, амбулаториялық көмек пен үйде, ауылдық жерлердегі медициналық пункттерде жәрдем көрсетуді дербес жүзеге асырады.
Кәсіби білім:
Аурудың алдын алу және оны азайту, ауруды ерте анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді. Босануға көмек көрсетеді. Түрлі талдаулар жүргізеді. Емдеу-профилактикалық және санитарлық-гигиеналық шараларды дайындап, олардың өтуіне атсалысады. Дәрігерлік тағайындамаларды орындайды. Кіші медициналық персоналдың қызметін басқарады. Атқаратын міндеттерінің аясы көбінесе жұмыс орнына байланысты.
Осы біліктілік бойынша ойдағыдай білім алу үшін және одан әрі жұмыс істеу үшін студент биология, химия негіздерін білуі қажет.
Маңызды жеке қасиеттер
Фельдшердің бойында жанашырлық таныту, тыңдай алу, ықыластылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Ширақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, күтпеген жағдайларда тез және тиімді шешім қабылдау қабілеті кәсіби тұрғыда маңызды болып саналады.
Жоғары деңгейдегі маман болу үшін 3 жыл қажет.
Бұл мамандықтың басты артықшылығы – адамдарға көмек көрсету.
Фельдшерлер «жедел жәрдем» станцияларында, ауруханаларда, емханаларда, диспансерлерде, шипажайларда, перзентханаларда және басқа да медициналық мекемелерде жұмыс істейді.
Фельдшер мамандығы әрдайым сұранысқа ие болады. Еңбек режимі ауысымды, тәулік бойы кезекшілік, мереке мен демалыс күндері жұмыс болуы мүмкін.